Ардагерлер арасында

Аудан тынысы

Ауданға іссапармен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ербол Аликулов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ардагерлермен ақ дастархан басында кездесіп, оларды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді тыңдады.

Лауазым иелері аудан көлемінде атқарылған істерді оң бағалап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру бағытында берілген тапсырмаларды аға буынның қаперіне берді.

Облыстық ардагерлер ұйымы атынан қатысқан Серік Мұханбетов бұл ортақ істе ардагерлердің де атсалысып, ағалық ақыл-кеңесімен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отыруды сұрады. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің Құрмет грамотасымен прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиевті, Байда ауылдық округінің зейнеткерлері Яков Ысмағұловты, Бақыт Қалиевті облыстық ұйымның Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен марапаттады.

Ауылдық округтер жанындағы ардагерлер кеңесі төрағалары, жекелеген сөйлеушілер пікірлерін білдірді. Сексеннің сеңгір биігіне көтерілген Өтеулиев Төлеп ақсақал «еліміз өркендей берсін, сол жолда аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі жемісті болсын» деген тілек батасын берді.

А.НӘЖІМОВ