Қамал бұзған Қамалбек

Аудан тынысы

Жақсы оқушыларымның бірі Қамалбек Нуриұлы 1984 жылы Горький әскери-инженерлік училищесін үздік бітірп, лейтенант шенімен әскери қызметін Смоленск облысы, Гагарин қаласындағы бір бөлімде инженер-сапер взводының командирі болып бастағанда ерекше қуанғаным есімде. Алғашқы әскери дайындық пәнінен үйреткендерім бір шәкіртіме болса да мамандық таңдауына септігін тигізгеніне мерейлендім. Әскери өмірдің бұралаң жолы қайда апармады дейсіз?! Сол кезеңдегі отты нүкте Ауғанның ащы түтінін жұтуына да тура келді.

1985 жылдың басында Термез-Кабул-Гардез бағытындағы автоколонналардың жүк тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету операцияларына тікелей қатысты. Рота командирі, аға лейтенанты шеніндегі Қамалбектің мінсіз қызметі, әскери тактикалық шеберлігі, көрсеткен ерлігі орынды бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «За боевые заслуги» медалімен марапатталды. От пен оқтың астында 2 жыл 3 ай болып келгеннен кейін капитан шеніне жоғарылатылып, әскери қызметін Мәскеудегі Қарулы Күштердің бас штабын автокөлікпен қамтамасыз ететін батальонның командирі орынбасары лауазымында жалғастырды.

Отызында орда бұзып, қырығында қамал алған Қамалбектің тағы бір ерлігі жайлы көп айтыла бермейді. 1991 жылы тамыз айында ГКЧП кезінде ол қызмет ететін бөлімге төңкерісшілерді тоқтатуға бұйрық беріледі. Алайда, командирі Захар Бондаренко өз халқына қарсы оқ атпауды ұйғарып, бұйрықты орындаудан бас тартады. Бұл қадамды қалғандары да қолдап, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен қамауға алынады. Сөйтіп, Қамалбекке шамалы уақыт болса да Мәскеудегі саяси тұтқындарға арналған Лубянка түрмесінің быламығын тату бұйырды. Көп кешікпей төтенше жағдай жойылып, З.Бондаренко бастаған офицерлер түрмеден босатылып, өз қызметіне оралады. Олардың төңкеріс жасаушылардың теріс әрекетіне бағынбай, әскери антына адал болғандары ерекше бағаланып, наградаларға ұсынылды. Сөйтіп, тағы да ерлік көрсеткен К.Бектелеуов «За боевые заслуги» медалімен екінші мәрте марапатталады.

1992 жылы ақпан айында КСРО Қарулы Күштері қатарынан гвардия майоры әскери шенінде құрметті демалысына шықты. 1992-1997 жылдары Орал қаласындағы педагогикалық институтының автопаркінде инженер-механик қызметін атқарды. Кейін «Теңізмұнай құрылыс» АҚ-да бөлім мастері тете президенті болып еңбек етуде. Жанұялы, екі ұлы бар, құрметті әке.

Мәдениет Харистегі,

ардагер ұстаз.