Қалдықтарды өңдемей, жағдай түзелмейді

Аудан тынысы

Биылғы  Жолдауында  Елбасымыз  біраз мәселелерді қамтыған. Бізді қуантатыны, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақының  8 пайызға артқаны.

 

Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16%-ға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейгелі отыр.

Маңызды құжатта 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізу тапсырылды. Осының бәрі әлемдік қаржы дағдарысы заманында да мемлекетіміздің өз халқының қамын көзден таса қылмағаны дер едім.

Құдайға шүкір, жыл сайын тұрмысымыз жақсарып, алға басып келеміз. Еуропаның кейбір елдеріндегідей халық наразылық білдіріп көшеге шығып жатқан жоқ. Тыныштық, бірлік болған мемлекет  ғана дамиды ғой. Жылдар бойы маңдай термен келген игіліктерден айырылу оған қол  жеткізгеннен әлдеқайда оңай. Бір  бүлінген нәрсені сынған әйнектей қайта қиюластыру қиын. Еліміз тыныш болсын!

Мені бұған дейін көп ойландырған нәрсе – тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеу. Анау шетелдерде олардың пайдасын көреді.  Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында: «Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», - деп отыр.

Дұрыс-ақ! Бұрын Одақ заманында мектептерде металлолом мен қағаз жинатып, тиісті орындарға тапсыратын. Бүгінде кейбір пысықайлар ғана металл түрлерін қабылдайды. Олар одан қандай пайда көріп жатқаны бізге белгісіз. Қиғаш бойындағы ауылдарға барсаңыз  жағада ескі кемелер жатыр, түйеше шөгіп. Бұлар да темір-терсек ретінде пайдаға аспай ма? Халық бұзылған тоңазытқыштарды, басқа да құралдарды апарып қоқыс жәшігінің қасына лақтырады. Тұрмыстық  қатты қалдықтар да бізде пайдаға аспайды. Мұны ретке келтірсе, олардың екінші өмірі басталып, ел кәдесіне жарар еді. Экологиялық кодекске де өзгерістер енгізу заман талабы. Әйтпесе қоқи беретін түріміз бар. Кодекс қатаңдатылса, айналаны бүлдірушілер айылын жияды.

Мырзабек  Ғазизов,

 

зейнеткер.