"Қаламыңызды қойсаңыз, жазуға мен отырайын"

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық Жастар ресурстық орталығы «Ұрпақ сабақтастығы» жобасы аясында жазушы-журналист Таңатар Дәрелұлының жастармен кездесу кеші өтіп, оны орталық басшысы Наурызбай Бисенғалиев жүргізді.

Кездесуде Таңатар Дәрелұлы балалық шағы туралы қойылған сұраққа: - Әке-шешем қарапайым адамдар. Қамысшауып, балық аулап балаларын асырады. Ес білгеннен үйге көмектесіп, ерте есейдік. Мен суретші боламын деп армандадым. Бесінші-алтыншы сыныптан бастап ұстаздарымның тапсырмасымен түнімен отырып плакаттар, суреттер салатынмын. Жетінші оқып жүргенде аудандық газетте жазған хабарларым жиі жарық көретін. Өлеңдерімді жіберетінмін. Домбыраны жақсы тартатынмын, өкініштісі мектепте дұрыс домбыра, сурет үйірмесі болған жоқ. Ауылда менімен бірге оқыған Жаңбырбай Нәрешов ағаларың керемет суретші. Сабақты жақсы оқыдық. Үш ай демалыста, жетінші оқып жүргенімде өз еркіммен тракторшыларға ілесіп барып, көмекші болып жұмыс жасадым. Таңғы 5-те тұрып, қараңғы түскенше жұмыс жасап, қатты шаршасақ та берілген тапсырманы орындап басшылардың көңілінен шығатынбыз. Сонда екі аптада 308 сом, басқалар үш айда табатын ақша әкелдім. Үйдегі ата-анам қатты таңқалды. Ол кезде бұл көп ақша. Анау Ақтаудағы Амантай Жамалиденов, Жұмақай Ғұмаров, Рахымжан Отарбаев «Қаламыңызды қойсаңыз жазуға мен отырайын» дегендей жанып тұрған жастар едік. Рахымжанның орны бөлек еді, ол Алматыға кетті, - деді.

Жастар ақын ағаларымен кездесуде танымал спортшы Денис Теннің өліміне көзқарасы, Р. Отарбаевтың еске алу кешін өткізу, оның атына көше беру, ақын О.Сүлейменовтің «Махамбетті шыншылдығы үшін Абайдан биік қоямын» деген сөзіне қалай қарайтыны, бала тәрбиесіндегі әке ретіндегі рөлі, музасы, кумирі және басқалары төңірегінде өрбіді.

Шара барысында әзіл ретінде LED экраннан кездесу кейіпкерінің фотошоппен жасалған бейнелері көрсетіліп, сонымен қатар сахнада өнер көрсетіп жүрген кейбір топтарға қалай қарайтынына қызығушылық танытылды. Соңында ақын ағамыз сұрақ қойған жастардың біріне өзінің «Қанағат» деген өлеңдер жинағын қолтаңбасымен тарту етті, өлең оқыды. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Н.Бисенғалиев кештің жақсы өткенін айтып, Т.Дәрелұлына ризашылығын білдіріп, жастар атынан Алғыс хатын ұсынды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521