Акцияда 350 ағаш отырғызылды

(0 Votes)

Егілген талдардың өсіп кетсе үй-жайдың, көше бойының көркі ғана емес, жазда аптап ыстықтың лебінен, қыста аязды боранның қара суығынан қорғайтын әжептәуір көмегі барын білмейтін жан болмас, сірә.

Маңайындағы ылғалдылықты сақтап, шаң-тозаңды басып, жаныңа ерекше рахат сыйлайтын қасиеті де бар. Жұтып жүрген ауамыздың өзін оттегімен байытатын жасыл желектің жалпы адамзатқа берер пайдасы мол. Қай жағынан алсақ та, тал егіп, ағаш өсіру өте сауапты іс. Жасыратыны жоқ, аудан орталығындағы Тәуелсіздік саябағына тал-теректер қаншама рет отырғызылғанымен, олардың тамыр алып, көктеп кеткені жоқ. 2018 жылдың күзінде көгалдандыру жұмыстарының тендерін жеңіп алған жеке кәсіпкер Серік Баязитов саябақтың суару жүйесін ретке келтіріп, 300-деген терек егіп, көктемді көгеріп шығатынына сендірген еді. Серік сөзіне тұрыпты, былтырғы еккен шыбықтардан тіршілік нәрі сезіледі.

Өткен сенбіде «Бір күндік ағаш отырғызу күні» акциясына орай саябақтың қалған бөлігіне тал-теректер егілді. Шара басталар алдында Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім акцияға қолдау көрсетіп келген баршасына ризашылығын білдірді. Әлеуметтік желілерде құлағдар етіп, сенбіліктің көптің қатысымен жоғары деңгейде өтуіне округ әкімінің орынбасары Мерей Әжігереевтің көп жұмыстанғанын айта кетуіміз керек. Бізбен әңгімесінде ол аудан әкімі орынбасарлары өздері бас болып ағаш отырғызуға атсалысқанын айтты. - Мәслихат аппараты, Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппараты, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі, орталық кітапхана ұжымдары, ХҚКО-ның қызметкерлері мұндай шарадан тыс қалмайды. Бұл жолы ардагерлер аға-апалар, ҰҚК-нің аудандағы бөлімшесі, 20/16 әскери бөлімінің сарбаздары төбе көрсетіп, сауапты іске қолұштарын тигізді. Акция барысында 350-ге жуық тал отырғызылды.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521