Қайғылы оқиға қанатымды қайыра алмады

(0 Votes)

2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласындағы арсенал жарылысы талай ана мен баланың жүрегін шайлықтырды. Сол күнгі болған оқиға менің көз алдымда мәңгілікке сақталды.

Мен бала күнімде соғыс туралы киноны көргенде қорқатынмын, бірақ сол күні тура соғыстың ішінде жүргендей күй кештім. 24 маусым күні таңғы 10:00 шамасында өртеніп жатқан нәрсенің қою түтінін көрдім. Бір кезде «зу» етіп ұшқан және атылған дыбыстар естілді. Жүгіріп есік алдына шықтым. Жол бойымен жүгірген адамдар. Біздің үйдің жанында «Арыс» бастауыш мектебі бар. Оның жанындағы шағын орталықтың тәрбиешілері мен күтушілері бөбектерді көтеріп, жалаң аяқ жүгіріп бара жатыр. Бір кезде «Қашыңдар! Қашыңдар! Арсенал жарылып жатыр!» деген дауыс шықты. Күйеуім өз шаруаларымен Түркістан қаласына кеткен болатын. Мен үйге жүгіріп кіріп, балаларымды киіндіріп жолға шықтым. Өйткені, снаряд ұшқындары үйге де қауіп төндірді. Тіпті асыққаннан құжаттарымызды, ақшамызды алып шықпадық. Біз де жүгірген адамдармен бірге «Арыс-Шардара» тас жолына шықтық. Бір мезгілде егіз балаларым Абдуллах пен Абдуррахманнан көз жазып қалдым. Оларды нөпір адамның ішінен табу мүмкін емес-тұғын. Балғындарымды іздеп 4 сағаттай жүгірдім. Соңында ернім кезеріп, әбден шаршап, омыраудағы Ахметімді алдыма алып, жетегімдегі Бибі-Фатиманы жаныма отырғызып жол жиегін паналадық. Бір уақытта жанымызға «Субару» жеңіл автокөлігі тоқтап, «Әпше, неғып отырсыз? Не болды? Жүріңіз!» деп мән жайды сұрады. Су беріп, бір үзім нанын ұсынды. Содан менің қос құлынымның фотосын алып, әлеуметтік желі арқылы іздеу сала бастады. Көп ұзамай бүлдіршіндерімді Мұңлық-Зарлық кесенесі жағынан тауып, бізді Монтайтас елді мекеніндегі құтқару лагеріне орналастырды. Бізді тізімге тіркетіп, тамақ, киіммен қамтамасыз етті. Мен ол жас жігіттің есімін де сұрамаппын. Бірақ, оның жетісайлық кәсіпкер екенін жанымдағы адамдардан хабардар болдым. Өмірде осындай жүрегі таза, иманды, тәрбиелі, мейірімді қазақ жігіттерінің барына аналық жүрегімнен шын жүректен алғысымды айтамын.

Басымыздан өткен ауыр жағдайдан кейін мен әлеуметтік желі арқылы көмек сұрадым. Өйткені, үйіміздің терезесі мен есіктері сынды, қабырғалары жарылып құлады. Сол кезде менің жанайқайыма алғаш құлақ түрген өзімнің жерлесім, нұржаулық, қазір Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Зайра Эльдарова телефон шалып, 25 000 теңге ақшасын аударды. Әсіресе, алыстағы туған жерден көмек ағыла бастағанын көріп, ерекше сезімге бөленіп, алабөтен күй кештім. «Нұржау» қайырымдылық қорынан Болатбек Қалиев 5-6 мәрте байланысқа шығып, жағдайымызды сұрап, 50 000 теңге ақшасын ұсынды. Сонымен қатар, 1985 жылғы азаматтарға, Асылбек Күнтуаров тәтемнің баласының құрдастарына, Магомед Нәрешов, Самал Хабибуллина, Назгүл Дербесова, Самал Хамитова сынды жерлестеріме қолдау білдіргендері үшін риясыз алғысымды айтамын. Сауапты істеріңіз Алладан қайтсын!

Жазира Қайбалдиева,

жерлестеріңіз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521