Қадірін білмесек, қолда бардан айырыламыз

(0 Votes)

Ауыз су – тіршілік көзі, ол Жер шарының 3/4 бөлігін алады, тірі ағзалардың 60-70%-ы, ал өсімдіктердің 90% -ы судан тұрады.

Сусыз өмір жоқ. Біздің денеміздің 70 пайызы судан құралған. Мысалы адам сусыз, тек бірнеше ғана күнге шыдай алады. Қазіргі таңда әлемде 1,2 миллиардтан асқан адам су тапшылығының зардабын шегіп отыр. Жалпы, су тапшылығының өзі екіге бөлінеді, яғни бірі физикалық, екіншісі экономикалық. Физикалық су тапшылығының болуы тікелей климаттық өзгеріске байланысты. Климаттық жағдайдың сол жерге деген сәйкессіздігі, яғни сол аумақты қамтамасыз ете алмауы. Айталық, шөлді аймақтар. Ал, экономикалық су тапшылығы дегеніміз – елдегі су ресурсының болуына қарамастан мемлекеттік органдардың, тұрғылықты халықтың оны пайдалану, жұмсау шараларын дұрыс іске асырмауы. Яғни, суды ысырып ету арқылы оның тапшылығын тудыру.

Құдайға шүкір, Құрманғазы ауданын судан кенде қылмаған. Аудан орталығының өзінде 10 көпір бар. Жерімізді салаларға бөлініп Қиғаш пен Шора өзендері кесіп өтеді. Елді мекендердің дені өзен жағаларына орын тепкен. Азғыр бойында да тұщы су шығатын құдықтар кездеседі. Екі бірдей өзен өтіп жатырса да ауылдарымыз су тапшылығын сезініп отыр. Ауылдық округтерге барсаңыз осы мәселе алдыңыздан шығады және жиналыс сайын көтеріледі. Кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауданымызда су тазарту имараттары салынбаған елді мекен қалмады. Оған қыруар қаржы да жұмсалды. Неге бізде ауыз сумен қамту мәселесі бар? Судың тапшылығы қатты сезілетін мезгіл көктем мен жаз айлары. Қыста су жетпейтін жер қалмайды. Мәселе тудырып отырған ауыз сумен егінді, теректерді суару. Кейбір адамдар өзінен басқаны ойламайды, суды үнемдемейді. Құбыр бойына бір-екі қуатты насос қояды да тіршілік нәрін сорып, ауласындағы теректеріне, егініне ашып тастайды. Егін екпе демейміз бірақ су көл болып қоршауының сыртына шығып жатады. Соның салдарынан көшенің арғы жағындағы үйлерге су жетпейді. Осыдан келіп тұрғындар округ әкіміне, аудан басшыларына шағымданады.

Кейбір адамдар: «Әуелде су тазарту имараттарын салмай бірден Қиғаштан Маңғыстауға су айдап тұрған құбырға қосқанда мұндай мәселе туындамайтын еді», деген пікірде. Аталған құбырда қысым жоғары, бірақ су лимитпен беріледі. Бөлінген лимиттен артық ала алмайсыз. Жақында Қиғаш ауылдық округінде болғанымызда бөлінген лимитті көтеру жөнінде ұсыныс жасалғанымен әлі шешімін таппағанын, су қос қабатты көп пәтерлі үйлерге жетпейтінін естідік. Әрине, сумен қамту жазғы су құбырын жүргізсе жолға қойылады деген де пікір бар, оны қостаймыз. Техникалық су құбыры тартылар, бірақ халық екеуіне бірдей төлей ала ма? «Ауру қалса да әдет қалмайды», дегендей ауыз суды бақша суаруға пайдаланып отырғандар айылын жиса жақсы. «Аюға намаз үйреткен таяқ», дегендей, мүмкін қатаңдау шараларға барған да жөн шығар. Насос қолданатындарға оның бағасын көтеріп немесе ірі мөлшерде айыппұл салып дегендей. Осыны сумен қамтитын бір мекеменің басшысына айтып көргенімізде: «Суды насоспен сорып отырғандардың ішінде мемлекеттік мекемелер де бар. Олай етсек ғимараттарының алдында жайқалып тұрған жасыл желек қурап кетеді», деген еді. Ірі мөлшерде айыппұл төлесе ешкім де құбыр бойына насос қоймайды. Сонда су да бірқалыпты жүріп, адамдардың ренішін туғызбайды.

Табиғи ресурстарды үнемдеген өзіміз үшін тиімді. Қадірін білмесек, қолда бардан айырыламыз. Осыны үлкендеріміз жастардыңқұлақтарына құйып отырса екен. «Ысырыпшылдық – шайтанның ісі», дейді дініміз ислам.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521