Ақ Жайықтан келген аманат

Аудан тынысы

Асан ауылдық округінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ақ Жайықтан келген аманат» атты кеш өтті.

Кеш барысында ауыл тұрғыны, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысы жауынгерінің жесірі, тыл еңбеккері, 102 жастағы «Ғасыр ана» аталымының иегері Уағиса Мұхтароваға ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның өз қолтаңбасымен жіберген екі томдық өлеңдер жинағы табыс етілді.

Аталған кешті жүргізуші бұл жақсы жаңалықтан халықты хабардар етіп, слайд арқылы А.Бақтыгерееваның өмірбаянына, шығармашылығына тоқталды. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған апамыздың кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Ақынның аманат болып келген «Ана әлдиі», «Өлең деген құдырет» атты кітаптарын У.Мұқтарқызының келіні Раушан Нәсиеваға округ әкімі Гүлім Қабдражитова өз қолымен табыс етті. А.Бақтыгерееваның қолтаңбасымен кітап алу екінің біріне бұйырмайтын бақыт екенін айтып, мұндай жаңалықты ауыл тұрғындарымен бөлісуді жөн көргенін жеткізді.

Жасы 102-ге келсе де есте сақтау қабілеті жоғары Ғасыр әжеміз табан астында ақынға:

Адам көп сәлемдесіп, мені көрген,

Өзіңсің атымды атап кітап берген.

Оралдың ақын қызы Ақұштабым,

Халқымның перзенті бол бақыт ерген.

Кезінде тылда аянбай еңбек еттім,

Бүгінде жүз екідей жасқа жеттім.

Өзіңе осы жасты берсін құдай,

Ризамын сыйлығыңа, толқып кеттім, - деген өлең жолдарын арнады.

А.Нұрланов,

Асан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.