Әскерден жалтару – азаматтық емес

Аудан тынысы

Кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті.

Әскерге шақырушылардың саны жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады. Бастысы, борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесіне байланысты бірнеше топқа бөледі:

«А» - әскери қызметке жарамды;

«Б» - кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамды;

«В» - әскери қызметке шектеулі жарамды;

«Г» - әскери қызметке уақытша жарамсыз;

«Д» - бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;

«Е» - әскери есептен басқа әскери қызметке жарамды емес.

Әскер қатарына шақырылғандардың бір бөлігі осы тексеру кезінде қатардан шығарылады. Өйткені, мамандардың айтуынша, бозбалалардың көпшілігінде сколиоз, жалпақтабан секілді хирургиялық аурулар көп кездеседі. Тіпті, неврологиялық ауытқуы, жүрек кінәраты барлар да жеткілікті.

Алайда, медициналық тексеру нәтижесінен жақсы шыққан, дені сау жігіттің бәрі әскерге барады деген сөз емес, сонымен бірге, олардың психологиялық тұрақтылығы мен интеллектуалды дәрежесі де тексеріледі. Психологиялық тексеріс екі әдіс бойынша өтеді. Біріншісі, «Болжам-2» деп аталады. Ол жүйке-психологиялық тұрақтылықты тексеруге бағытталған 86 сұрақтан тұрады. Екінші әдіс – бейімделу, ол мынадай төрт шама: жеке-бейімделушілік потенциал, жүйке-психологиялық тұрақтылық, моральдық нормативтілік пен коммуникативті қабілеттер 165 сұрақ бойынша анықталады. Осындай сындардан сүрінбей өткендер ғана Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Күзгі әскерге шақыру мерзімін қыркүйек айында басталды. Десе де, соңғы кезде көпшілік арасында Отан қорғауға ниет білдірушілер саны азайып кетті. Әскерге барудан жалтарып жүрген азаматтарымыздың саны ауылдық округтерде келесідей: Құрманғазы-50, Дыңғызыл-32, Жаңаталап-28, Мақаш-19, Еңбекші-18, Көптоғай-17, Сафон-15, Орлы-15, Нұржау-13, Ақкөл-8, Кудряшов-7, Теңіз-7, Бірлік-6, Шортанбай-4, Қиғаш-4, Байда-2.

Е.Өмірбеков

Құрманғазы ҚІЖБ-нің бастығы, капитан