«Жыртық үйдің Құдайы бар...»

Аудан тынысы

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық.

Осындай бір ізгі қасиетті бойларына тұмар қылған, адамгершілікті, қамқорлықты ғазиз жүректеріне сыйғыза білген Мақаш ауылдық округінің тұрғындарына, бойында қайрат, жүректерінен жалыны тасыған, құлшынып өсіп келе жатқан ауыл жастарына деген сүйіспеншілігімді, жүрегімнен шыққан ризашылығымды білдіргім келеді.

Оған себеп... Осыдан бірнеше жыл бұрын ағамыз Ерсылан вахталық әдіспен жұмыс жасап жүргенде аяғына қара май құйылып, үлкен қасіретке душар болған еді. Аяғын кестіріп, әп-сәтте ІІ топтағы мүгедекке айналды. Тағдырдың қатал сынына шыдамаған жары да іргесін аулақ салып кете барды. Осының бәрі бауырыма оңай тимегені айдан анық. Әке-шешеден қалған қара шаңырақтың ортасына түскенін қаламады ма, әлде қызығы мен қиындықтарға толы естеліктерінен алыстағысы келмеді ме, әйтеуір, біздің шаңыраққа келіп, бірге тұр деген ұсынысымыздан үзілді-кесілді бас тартты. Денсаулығының болмағаны, ескі баспанасының апатты жағдайда болғаны менің жаныма қатты бататын. Бір күні өзіне екі бөлмелі үй салып беретінімді қанша айтсам да, жомарттың қолын жоқ байлайтыны тағы бар. Арқасын қаратқан заманда әр түрлі қиындықтар менің де жолымды бөгей берді. Дегенмен бауырға көмектесе алмағаным үшін ел сөге қоймас.

«Жыртық үйдің Құдайы бар» деген сөзді көп естуші едім. Ол сөз де өзін дәлелдегендей. Ерсыланның баспанасын көтеруді ауыл жастары қолға алыпты дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Кім бауырының жайлы баспананың тұтқасын ұстағанын қаламасын?! Имандылықты жүректеріне жылу қылған, қайырымдылық – сауапты іс дегенді ұстанатын осындай үлкен іске бастау болып жүрген жеке кәсіпкер Ерғанат Ильясовқа, Нұрлыбек Абдоловқа, Нұржан Қажетовке және «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөзді жоғары бағалайтын, үнемі қолдау білдіріп жүрген көршілеріне, Алға селосының барлық жасына алғысым шексіз. Қарекет қылған, берекетті, сауапты істеріңізге Алла разы болсын! Кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болып, еңселеріңіз көтеріліп жүргендеріңіз мен үшін үлкен мақтаныш.

Қазақта «құдықтан су ішкен адам оны қазған адамға, ағаштың көлеңкесін пана тұтқан адам оны еккен адамға алғыс айтар» деген сөз бар. Қайырымдылықпен айналысқан барша ауылдасыма ризамын! Денсаулықтарыңыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын!

Нұргүл Қуанова,

Алға ауылының тұрғыны