90-шы баспананы сыйға тартты

Аудан тынысы

«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Адамдар бір-біріне қайырымдылық таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.

Шарапатты істердің жаршысы болып жүрген «Харекет» қайырымдылық қоры 90-шы баспананы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Алға ауылының тұрғыны, жалғызбасты, көпбалалы ана, ІІ топ мүгедегі Айғаным Малиеваға табыстады. Отбасында 7 бала тәрбиелеп отырған Айғанымның тұңғыш ұлы да бала кезден мүгедек. – Атырауда өткен «Өнер қырандары» театрының концертінде дәстүрге сай тағы бір сауапты істің куәсі болдық. Алланың ауыр сынағына сабыр етіп Жаратқаннан жәрдем тілеген 7 баланың анасына баспана кілтін «Харекет» қорын құрушы, «1000 теңгеге баспана» идеясының авторы Гүлмира Мұқанқызы арнайы келіп тапсырды. Қуаныштан көзіне жас алған ана барша Қазақ еліне, «Харекет» қайырымдылық қоры, «Өнер қырандары» театры ұжымына зор ризашылығын жеткізді. Бізге де үйді сатып алуда қолдау көрсетіп, құжаттарын бітіруге жұмыстанған ауданымыздың іс басындағы азаматтарына үлкен алғысымызды білдіреміз. Ай сайын қорымызға 1000 теңге садақа салып отырған халқымызға Алла разы болсын - дейді аталған қордың еріктісі Ризабек Сұлтанияев бізге берген сұхбатында.

Көңілі қаяу ғаріп жанның алдағы болашағына үміт отын жағып, балапандарына қуаныш сыйлаған «Харекет» қайырымдылық қорының келешегі кемел болғай дейміз.

А.Шакупова.