Адалдық сезімін сіңіре білейік

Аудан тынысы

Кез келген өркениетті мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін, экономикасын, өсуін тежейтін мәселенің түп-төркіні – сыбайлас жемқорлық.

Онымен күрес бүгінде еліміздің маңызы бар түйткілді проблемаларының біріне айналып отыр. Елдің ертеңі, келер ұрпақ алдында еңсеміздің көтеріліп жүруі үшін бұл індетпен белсене күресіп, оны түп-тамырын жоюымыз қажет. Өткен дәуірлерден бастау алған, осы жең ұшынан жалғасатын көз қысты, бармақ басты әдет қоғамда әлі де қалмай келеді. Сондықтан, онымен күресу, алдын алу – маңызды мәселе.

Осыған орай, Абай атындағы жалпы орта мектепте барлық сыныпта «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел» тақырыбында тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Мақсаты – оқушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Отанға деген сүйіспеншілікке баулып, білім мен еңбекке ұмтылуға тәрбиелеу. Тәрбие сағатында «жемқорлық» сөзінің шығу тегі, түрі мен жіктелуі, онымен күресу жолдары туралы түсінік берілді. Еліміздің қауіпті кеселге қарсы саясаты туралы бейнеролик көрсетілді. Оқушылар арасында «Шындық па, жалған ба?» әдісі арқылы ойындар ұйымдастырылып, «Тегтер бұлты» рефлексиясы жүргізілді.

Еліміздің болашағы болып табылатын саналы ұрпақ қалыптастыру – өте жауапты міндет. Сондықтан осы бастан бала бойына адалдық сезімін сіңіре білудің маңыздылығы зор.

А.Шакупова