Елбасы күніне ерекше құрмет

Аудан тынысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 2011 жылғы 10 желтоқсанда Парламент Сенатының толық отырысында қол қойылып, бүкіл елден қолдау таба білген мемлекеттік мереке.

Бұл күннің маңызы ерекше, тарихы да тереңде жатыр. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақ елінде өткен бүкілхалықтық Президент сайлауында дауыстың 98,7 пайызына ие болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір ауыздан ел Президенті болып сайланды. Осылай ел тағдырын өз қолына алған жаңа Президент дәл сол жылы 16 желтоқсанда бабаларымыздың арманына айналған Тәуелсіздігімізді бүкіл елге жариялау бақытына ие болды. Ол елге Алаш жұртына азаттық сыйлаған тұлға ретінде де үлкен құрметке ие. Сондықтан бұл мерекенің мемлекеттік деңгейде тойлануы заңды құбылыс. Бүгінде бұл атаулы күннің маңызы артып, халықтың мерекесіне айналды.

Тұңғыш Президент күніне орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Халқына пана, кемеңгер, дана – Елбасы» атты салтанатты жиын өтті. Әнұранмен ашылған шара үлкен экраннан ел Президентінің алғашқы ант қабылдау сәтін көрсетумен жалғасты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміровке құттықтау сөз айтып, мемлекеттік мерекеге арналған баяндама жасады. Баяндамада Нұрсұлтан Назарбаевтай тарихи тұлғаның көреген басшылығының, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, соған сай жаңа қоғамның іргетасы қаланғаны, мемлекеттің шекарасы белгіленіп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасқаны айтылды.

Жандос Бектеміров «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалін «Серпер» газеті редакторының орынбасары Қанат Ғұмаровтың, М.Әуезов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Алма Хасанованың өңіріне қадады. Аудандық ветеринарлық зертхананың дәрігері Гаухар Хасановаға республикалық бас мекеме директорының Алғыс хаты табысталды. Аудандық сот төрағасы Ерболат Аманғалиевке, Құрманғазы ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Қуанғали Ихсановқа, пошта байланыс торабының касса меңгерішісі Ғалия Садырбаеваға, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Людмилла Рахметоваға, музей меңгерушісі Гаухар Таумановаға, «Халық банк» аудандық бөлімшесінің аға инженер-бағдарламашысы Сұлушаш Асқароваға ауданның Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, бір топ еңбек озаттары аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлығылады. Мерекелік салтанатта «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Тахмина Өтемұратова құттықтау тілектерін білдірді.

А.НӘЖІМОВ.