Бал шұбаты бағалы

Аудан тынысы

Ганюшкин стансасы негізінен теміржолшылар мекені. Саланың бірнеше мекемелері осында орналасқан.

Ал, станса басында тұрып бірнеше інгендер ұстап, оның желінін тартып, сүтінен шұбат ашытып, қажет еткен ауыл-аймаққа таратып отыр дегеннің бір қарағанда қисыны келмейтіндей.

Бірақ шын ниеттенген адам бұ күнде нені ғана істемей жатыр. Мәселенің мәнісі былай екен. Осы станса басында Құрмаш Әліпов деген ақсақал отбасы жағдайымен Дыңғызыл округінен сонау 70-і жылдардың аяқ тұсында көшіп келеді. Ауылда мал ұстап қалған ақсақал азын-аулақ түйе, сиыр, қой малдарын өздерімен бірге ала келіпті. Қыстық азығын дайындау, поселке ішінде қора-жай салып мал ұстау оңайға соқпайды, әрине. Бірақ, Құрмаш қария жұбайы Ұлболсын екеуі қайткенде де үйренісіп қалған төрт түлікті жойып жібермей, қажетінше пайдаланып, өз төлі есебінен толықтырып отырды. Бұл жалғанда кімдер мәңгілік? Жастары ұлғайып үбірлі-шүбірлі ұрпақтар өсірген, иықтары қажалып еңбек етіп тірлік кешкен екеуі де бірінен соң бірі бақиға көшті.

Әбілсейіт ұл, Маруся келін екеуі қара шаңырақты ұстап қалды. Азын-аулақ малдың қыстық пішені, қораға қараған уақытта шөбін, суын алдына тосып шаруалау, өрістен келмей қалған күндері түні бойы іздеу оңайға соқпады. Міне, немерелерін бағып-қағып, азын-аулақ малдың бейнетін өз мойындарына алған кемпір-шалдың қадірі енді білінгендей. Оларды да кінәлауға болмайды. Әбілсейіт теміржолшы, Марусяның бір басына жетер тірлігі бар.

– Мына малды мен түп-түгел сатамын деді, Әбілсейіт өрістен қайтпай қалған күні, іздеуді қиынсынып.

– Сатып қара, кешегі күндері осы мал жоқ болса қайтер едік? – деді Маруся.

– Онда тиын-тебенге бола ұзақты күніңді өткізгенше малыңмен өзің бол, - деді отағасы. – Болсам болармын, - деді сол жолы Маруся.

Арада жылыстап жылдар өтті. Қайсар келіншек айтқанынан қайтпады. Бағымында, күтімінде жаны қиналғанымен өз меншігі - қыста соғым етеді. Қаймағы, айраны, шұбаты үзілген емес. Сатса – пұл дегендей. Отбасына жетіп артылатын дәулет құрады, осы малдан. Тәңірі перзенттен таршылық қылмай үш ұл, бір қыз сыйлады. Тілекшісі – Әсет күйеуімен жұлдызы жарасты, «нағашылап» келетін үш бірдей жиендері бар. Ұлдар да өмірден өз жұптарын тауып, оңды тірлік құрап кетті. Азамат –Раушанымен, Саламат – Назеркесімен бақытты, арттарынан ұрпақтары ілескен. Кенже ұл Нұрболат Атырау темір жол колледжінің студенті. «Осы мал болмағанда қайтер едік?» - десе, Маруся, оны бүгін Әбілсейіті әбден түсініп мойындағандай.

Әйтпегенде ше, бұйырған ұрпақтарының оқуы-тоқуына, үй құрауларына, құдалық дастархан жаюларына, шұғыл қажеттеріне осы мал септесті. Әйтпесе, бір ғана Әбілсейіттің айлық табысы неге жетер еді? Құдайға шүкір, немерелер қаулап өсіп келеді, киер киім, ішер ас, қонақ-қопсы шығынын жабуға қиналып баққан малдың көмегі зор. Аяулы жар, асыл ана, немере-жиендерінің аппақ әжесі Маруся Үкіметқызы Қуанғалиева бүгіндері мал шаруасына, жоғын табан тозды болып іздеуге әбден төселген. Соңғы жылдары үш-төрт інгенді тұрақты сауып, сүтінен шұбат дайындап ел керегіне жаратуда.

Биыл да үш інгеннің желінін созғылап, біршама жанның алғысына кенелді, отбасына келер ырыс көзін еселеп арттырды. Мысалы, сауын күні бойы үш рет ұйымдасады. Әр інген бір сауында 2 литрден кем емес сүт береді. Сонда бір інгеннен 6 литр сүт, 3-інен 18 литр сүт жиналады. Осы маңның той күткен отбасылары, саулығында кінараты барлар, тіпті былайғы тұрғындар да алып жатады. Иманды жан көрші-көлем, ауылдастың жағдайына қарайды. Шіренбейді, бұлданбайды, көбінесе кәрі-құртаң «қызым, осы жолы, осыған риза болсаң қайтеді» - десе, «Е, болады ғой әже», - дейді екен мың болғыр Маруся! Шынымен де оның ұзақты күн «мың болғыр» көп еститін сөзі. Ләйім, қабыл болғай дейді біздің де көңіл елжіреп.

Биыл жаз бойы тапсырыспен Астраханның «Қызылжар» мекенінен тұрақты алып келген отбасылар болыпты. Біреуден-біреу естиді, бүгінде байланыс оңайланған заман емес пе? Қысқасы, Марусяның бал шұбаты үйде тұрып жарытпайды, дайындауы мұң екен, сұраушылар табыла кетеді. Селода мал ұстау қиын деген сылтауды белінен қақ бөлген Маруся Үкіметқызы бағалы бал шұбатымен ауыл-аймаққа белгілі бола бастады, ал оның бейнетті тірлікпен ғана келерін әркім ақ түсінер.

Таңатар Дәрелұлы