Жауапсыз мердігер жұмысын аяқтауға асығар емес

Аудан тынысы

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысы өтті.

Оны филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев ашып, күн тәртібінде бір мәселе – Нұржау, Манаев, Алтынсарин, Д.Нұрпейісова мектептеріне күрделі жөндеу жүргізіп жатқан «Экспресс-Строй» ЖШС кемшіліктерді түзетуге уақыт берілгендіктен, кезекті отырыста оның бүгінгі жай-күйі талқыланатынын қаперледі. Мердігер өз мойнына алған жауапкершілігін орындауға асығар емес. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» келісімшартқа сәйкес, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі 2018 жылдың 4 қазан күні аяқталған болатын. Алайда, «Экспресс-Строй» ЖШС тиісті міндеттемелерін өз деңгейінде орындамаған. Білім ошағының 2,3 қабатындағы жұмыстар толық бітпеген, электр токтарын жүргізу аяқталмаған. Тіпті, жылу жүйесі де көрсетілген жобадан ауытқып, қате жүргізілуіне байланысты қайта тартылуда. Бірақ, мектеп оқушыларына білім беру қиындықтармен болса да, жүзеге асуда.

Отырыста аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров Жаңаталап ауылдық округінде балаларды басқа жерге орналастыратын бос тұрған ғимараттың жоқтығын айтып қынжылыс білдірді. – Мектептің іші салқын болғандықтан, оқушылар сабақта сырт киіммен отырады. Мердігер мекеменің басшысымен сөйлесіп, келеңсіз жағдайды айтып түсіндірдік. Өкінішке орай, ол біздің сұрақтарымызға мардымды жауап бермеді. Тіпті менсінбеген сыңай танытты. Жылу жүйесін тезірек орнату мақсатында өзіміз осы іске араласып, мекемелерден қажетті мамандар мен техникаларды жұмылдыру үстіндеміз. Мердігердің құрылыс материалдарын сатып алуға шамасы келмейтініне өз басым көзім жеткендіктен, қаржы жинау жағын да ұйымдастыруға кірісіп кеттім. Бәріміздің ортақ тілегіміз – оқушыларды тезірек жылы да жайлы орынмен қамтамасыз ету. Жұмысшылар да тиісті жалақыларын ала алмай жүр. Енді басталған істі тоқтатсақ, ол келесі жылға қалып, қайтіп тендер жариялауға тура келеді. Күні бүгін, Алтынсарин, Нұржау мектептері әкімшілігі тарапынан мердігер мекемені жосықсыз деп тану туралы экономикалық сотқа талап-арыз жолданған.

Сол сияқты, бұндай жағдай Нұржау орта мектебі үшін де жауыр болған мәселе. Онда да атқарылуға тиісті жұмыстар әлі де баршылық. Күні бүгін, 300-ден астам оқушы округ ғимараты мен ауылдық мәдениет үйінде екі ауысыммен ыңғайсыз жағдайда білім алуда. Манаев, Д.Нұрпейісова атындағы орта мектепке қарасты жатақхана ғимаратының жөндеу жұмыстары да баяу және мардымсыз күйінде қалуда. Бұл жерде заңға сәйкес кәсіпкердің мүддесі жоғары болып, құқығы қорғалғандықтан біздің қолымыздан ештеңе келмей отыр. Облыс әкімінің орынбасарларын хабардар етіп, барлық жағдайды түсіндірдік. Бірақ, олардың да күші қауқарсыз.

Бұрын конкурс өткенде мекеменің техникасы, қаржы айналымының көлемі, базасы ескерілетін еді. Қазір лицензиясындағы категорияға қарай тендер беріледі. Яғни, І категориялы болса, ол толықтай жабдықталған мықты мекеме болып табылады. «Экспресс-Строй» ЖШС осы жағынан басым шығып, тендерді ұтып алды. Бүгінгі таңда ол ауданымыздан 4, қаладан 2 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді мойнына алып, тапсыра алмай отыр, - деді.

Орлы ауылдық округінің әкімі А.Мұфтах құрылыс басында мердігердің уәкілі жоқ, бәріміз құр бақылаушымыз деп ренішін білдіріп, ең бірінші кезекте бұл мәселені шешу үшін оны осы жерге алдырту, жауапқа тарту қажеттігін ескертті. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев ауданда жүргізіліп жатқан әлеуметтік орындардың күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалау құрылыс бөлімінің құзырына неліктен кірмейтініне таңданыс білдірді. Манаев атындағы жалпы орта мектептің директоры Н.Жаманғарин жұмыстың жүрмеуінің басты себебі, бүкіл материалды Шымкенттен алдыратынын, сондықтан, жұмысшылар көбіне бостан-бос уақыт өткізіп жататынын алға тартып, 1 ай бойы мектепке тек екі орам еден төсемі келгенін, ол да біріне жетсе, екіншісіне жетпейтінін айтып ренжіді. Соңында, қатысушылардың сын-ескертпелері жинақталған ұсыныстары бойынша ортақ шешім қабылданды.

Айнагүл Шакупова