Тарихи-танымдық экспедиция – Құрманғазыда

Аудан тынысы

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір тарихи жерлердің біртұтас желісін қамтитын жоба жасауды тапсырып, оған еліміздің БАҚ та атсалысуы керектігін айтқан еді.

Қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында да Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген болатын. Осыған орай, Атырау аймағындағы «Киелі жерлер географиясына» енген тарихи орындарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, дәріптеу және олардың тарихи сипатын айшықтау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі ұйымдастырған «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух» атты тарихи-танымдық экспедиция мүшелері ауданымызда болды.

Топ құрамында жоғарыда аталған серіктестіктің директоры Баязи Әбдешев пен Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, танымал жазушы Мереке Құлкенов бастаған ақындар, жазушылар, ақпарат құралдарының өкілдері бар. Аудан әкімдігінде өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ашты. Шараны «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев жүргізіп:

– Бұл тарихи-танымдық экспедиция облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының бастамасымен былтыр ойластырылған жоба еді. Оған қазақтың белгілі ақын-жазушыларын, газет пен телеарна журналистерін қатыстырып, бүкіл ауданды аралап қайту көзделді. Бүгінгі құрамда сапарымызды Қызылқоға ауданында бастап, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында болдық. Біздің басты мақсатымыз – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, сонымен бірге биылғы Жолдауда «Туған жерді танып біл» деп атап көрсеткеніндей, сапарымыз барысында өңіріміздің тарихи жерлерінде болып, сол туралы жастарға, еліміздің азаматтарына қажет танымдық туындыларды өмірге әкелу. Осылайша, облысымызға келетін туристерге бағыт-бағдар сілтеп, «Бізде мынандай киелі орындар бар» деп ұлттық құндылықтарымызды паш ету, – деді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов:

– Бала кезімізде біздің ақсақалдар Мақаш әкімнің ауылы деп атайтын қасиетті жерге келіп отырмыз. Бұл жердің қазақтың әдебиеті мен мәдениеті үшін орны ерекше. Басты мақсат – жаңа айтылып өткендей туған жеріміздің алыптарын, көрнекті адамдарын басқаларға таныту. Себебі, қаншама тарихи кітаптар, кинолар шығып жатса да, кейбір адамдардың танымы өзінің айналасынан ұзамайды. Аудан орталығына Құрманғазы атының берілуі қазақтың етек-жеңін жинап, есін жия бастағанының бір көрінісі деп ойлаймын. Бір атты екіншісіне өзгертуден қиын нәрсе жоқ. Соны сіздердегі аудан басшылары мен ақсақалдардың қолдап, жүзеге асырғаны игілікті іс деп санаймын. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: осы Құрманғазы ауданында болып жатқан бүкіл жаңалықтардың бәріне біз қатты ризамыз, – деп, жақсылықтың көбейіп, жастардың әдебиет пен мәдениетке деген махаббаты әлде де ояна түссін деген тілегін жеткізді.

Ардагер тележурналист, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, ақын Жұмаш Кенебай Атырау топырағына, ұлы бабалар туған жерге жеткеніне қуанып, рухтанып отырғанын, алған әсерін айтып тауысу қиын екенін жеткізіп, ұлт үшін атқарған жұмыстары туралы әсерлі әңгімеледі. Маңғыстаулық көрнекті ақын, өлкетанушы Светқали Нұржан сөзін Мұрат Мөңкеұлының аузымен жеткен қарға бойлы Қазтуғанның, Жұмекеннің өлеңімен бастап, одан әрі рухани жаңғыру, Абай, Алаш арыстары туралы, Мақаш әкімнің дінді қорғап қалған ерен ерлігі жайлы әңгімеледі. Бүгінгідей күрделі заманда ұлт болып қалғымыз келсе, Тәуелсіздігімізді сақтап, салт-дәстүрімізден ажырамай, бұрынғыдан қалған сара жолмен жүруіміз парыз екеніне тоқталды.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдрахман С.Нұржаннан Ресейдің думасында депутат болған Бақтыгерей Құлманов туралы шығарма жазуын сұрады. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері, заңгер Ғизатолла Мүрсәлиев осындай кездесулер мектеп оқушыларымен де өтсе деген ұсынысын жеткізіп, экспедиция жұмысының нәтижесі қалай көрінетінін сұрады.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Б.Әбдешев бұл жөнінде республикалық, облыстық, аудандық баспасөз құралдарында журналистік зерделеулер, очерктер, жолжазбалар жазылатынын, танымдық тұрғыда туристер мен мектеп оқушыларына арналған түрлі-түсті шағын анықтамалық кітапша шығарылатынын қаперге берді.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев қорытындылап, қонақтарға ризашылығын білдіріп, ауданның 90 жылдығына арналған кітапты естелік сыйлық ретінде ұсынды. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Жұмекен ауылында болып, ақын Ж.Нәжімеденовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі Мақаш әкім кесенесіне барып Құран бағыштап, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиевтің тарихи тұрғыдағы әңгімесін тыңдады.

Қанат ҒҰМАРОВ