«Бірлік» - ең үздік бастауыш ұйым

Аудан тынысы

Бастауыш ұйымдары бүгінде «Нұр Отан» партиясының негізгі тірегі, шынайы күші десек, артық айтқандық болмас.

Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясында үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтаған байқаудың қорытындысы жарияланды. Олардың іс-тәжірибиелерін тарату, кәсіби деңгейі жоғары әрі ең белсенді бастауыш ұйым төрағаларының арасынан партиялық және басқа да сайланбалы қызметтерге ұсыну үшін кадрлар резервін қалыптастыру мақсатында өткізілген байқауда партия мүшелерінің саны 100-ге дейінгі І санаттағы ұйымдар арасынан І орынға «Бірлік» бастауыш партия ұйымы лайық деп танылды.

Конференция барысында облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев ұйым жетекшісі Бауыржан Ақпановқа диплом мен естелік сыйлық ретінде теледидарды салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, жеңімпаз Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Бүгінгі таңда «Бірлік» бастауыш ұйымының партиялық жобаларды жүзеге асыруы, жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалануы, азаматтық бастамаларға қолдау білдіруі, атқарған істерін БАҚ-та жариялауы, жетекшінің белсенділігі және жастармен жұмысы жақсы жолға қойылғанын, ұйым мүшелерінің саны 90-ға жақындағанын атап өткен жөн.Ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп келетін, баспасөзге жазылу науқанында үнемі үздіктер қатарынан көрінетін шебер ұйымдастырушы, білікті басшы Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақпановты мерейлі жеңісімен құттықтап, алдағы республикалық байқауда сәттілік тілейміз.

Айта кетейік, аталмыш конференцияда ауданымыздың «Ақкөл» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Бисенбай Рамазанов партия мүшелерінің саны 100-ден 500-ге дейінгі ІІ санаттағы ұйымдар арасында үздік көрініп, алғыс хатпен марапатталды.

А.Шакупова