Емле ережесі түсіндірілді

Аудан тынысы

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасы» бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен арнайы ақпараттық топ мүшелері келді.

Оның құрамында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, Орал қаласындағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау орталығының басшысы Болат Жексенғалиев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Терминология және ономастика» бөлімінің ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов, орталықтың баспа бөлімінің жоба бойынша менеджері Мэлс Ермағанбетов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева бар.

Семинар-кеңеске аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер қатысты. Мақсаты –Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылы 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстыру және әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген мәселелер бойынша ақпарат беру. Сонымен қатар, әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндіру, емледегі басты жаңалықтармен бөлісіп, халық арасында ғылыми-танымдық көзқарас қалыптастыру. Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ақпараттық топ құрамындағы тілтанушы ғалымдарға қош келдіңін айтып, семинарға сәттілік тіледі.

Ғылыми-сараптамадан өткізілген емле ережелерінің жобасы 2018 жылы 27 қыркүйекте қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылды. Мінберге көтерілген «Тіл қазына» орталығының қызметкері С.Кәрімов аталмыш жоба мазмұнын ғылыми тұрғыда түсіндірді. Семинар-кеңесте орфографиялық, терминологиялық және әдістемелік жұмыс топтарының мүшелері жаңа әліпбиге көшудің мәні мен емледегі өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, ереженің негізгі қағидаттары және басты жаңалықтарымен таныстырды. Қатысушылардан тақырыпқа орай сауалнама алынып, оны жетілдіруге арналған деректер мен ұсыныстар жинақталды.

А.Шакупова