Мемлекеттік қызметтің майталманына құрмет

Аудан тынысы

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зинетолла Мұқлесовтің зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдау өткізді.

Мерейгерді құттықтап, абыройлы еңбек жолынан жастарды хабардар еткен Жандос Мнафиқұлы: - Зинетолла Мұқлесұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Атқарған жұмысында білімді, білікті, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы бола білді. Жақсы спортшы екендігі де өздеріңізге мәлім. Атқарған қызметі жоғары бағаланып, соған байланысты білікті кадр ретінде аудан әкімі аппаратына жұмысқа шақыртылды. Сізбен бала кезімізден таныспыз, спорт комитетінің төрағасы болдыңыз, республикалық, облыстық дәрежеде үлкен жарыстар ұйымдастырдыңыз. Кезінде ауданымызға «Қайрат» командасын шақыртып ойын да өткіздіңіз. Бұл басқа аудандарда болған емес. Кейін қоян-қолтық жүріп атқарған қызметіңізді көрдік, – дей келе, мерейгерге құттықтау хатын табыстап, жұбайы С.Шамарданқызы екеуіне естелік сыйлығын ұсынды. Сонымен қатар, келісімшарт негізінде мемлекеттік қызметте қалу мерзімі тағы бір жылға ұзартылғанын жеткізді.

Келесі кезекте, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов сөйлеп: - Зинетолла ағамыз төртінші сыныпта бізге сабақ берді, еркін күреске баулыды. Ж.Жаманбаев мектебі сол кезде жақсы нәтижелерге жетіп жүрді. Ағамыздың ауданға сіңірген еңбегі өте зор, тарихта қалады деп есептейміз. Сәуле Шамарданқызы апамызбен бірге үлгілі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Мемлекеттік қызметте өзінің талап қойғыштығымен, кәсіби шеберлігімен танылғанын, ініге қамқоршы, ағаға көмекші болғандығын жақсы білеміз. Айналасына дос жинаған, ағайынға қамқорлық танытып жүрген азаматсыз. Сіздің абыройлы жолыңыз мемлекеттік қызметтегі жастарға үлгі болсын, – деп мәслихаттың депутаттар корпусы атынан құттықтау хатын, естелік сыйлығын табыстады.

Одан әрі, ақ тілектер легін округ әкімдері атынан Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов, аудандық бөлімдерден ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдрахман, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев, Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах, балаларынан қызы Ақтолқын жалғастырды. Соңында мерейгер З.Мұхлесов өзіне көрсетіліп жатқан құрмет пен сенімге ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ