Ғаламда теңдесі жоқ ғажайып ғимараттар

Жаңалықтар

Астана – бейбітшілік пен бірліктің, көп ұлтты мәдениет жарасымының ордасы. Ол бүгінде тек Қазақстанның елордасы ғана емес, сонымен бірге, жаһандық шаралардың орталығы болып табылатын әлемдік дәрежедегі ірі мегаполистің біріне айналды. Мұны халықаралық сарапшылар да айрықша атап көрсетуде. Былтырғы жылы Natіonal Gеоgrарһіс Тrаvеlеr (Ресей) журналы елордамыз – Астана қаласын қарқынды дамуы мен жоғары туристік әлеуеті үшін «Болашақтың қаласы» атты арнайы сыйлықпен марапаттады. Биыл 20 жылдығын атап өткелі отырған Астананың өзгеге мақтан етіп көрсетер нысандары да көп. Бүгінгі әңгімемізде сол ұлттық сипаттағы сәулетті ғимараттардың ашылу тарихы мен қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталмақпыз.

Алдымен «Қазақ елі» монументіне тоқталайық. Еліміз еңсесін тіктеп, егемендік алғалы бері тәуелсіздікке тәбәрік етер мұндай монументтер мемлекетімізде саусақпен санарлық қана. Бірақ, дәл осындай күрделі композициялық мәнге ие сәулетті мүсін-кешені бұрын-соңды тұрғызылған емес. Жалпы аумағы 5,2 гектар жерді алып жатқан бұл ескерткіштің ел тарихынан алар орны ерекше. «Қазақ елі» - халқымыздың көне тарихын, мәдениеті мен жетістіктерін әспеттейтін ауқымды кешен. Монументтің ұзындығы - 91 метр.

Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылын білдіреді. Оның ұшар басына Самұрық құсы қонып тұр. Бұл тәуелсіз Қазақстанның дамуға, гүлденуге ұмтылған ынта-жігерін бейнелейді. Сондықтан алып сәулетті-мүсін кешенінің «Қазақ елі» атануы да тегін емес. Ол туралы Елбасының «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген бір ауыз сөзін әлемге паш етіп тұр емес пе!?

«Әзірет сұлтан» мешіті Астанадағы ең әдемі сәулет нысандарының бірі де бірегейі. Бір жағынан ол Қазақстан халқының рухани байлығының көрінісі іспеттес. Мешіт құрылысы 2009 жылы шілдеде басталған. 2012 жылы 6 шілде күні Астананың ғажайып нысандарының қатарын толықтырған мешіттің ашылу салтанаты болды. Ол — көлемінің үлкендігі жағынан Орталық Азиядағы екінші мешіт. «Әзірет сұлтан» - «Қасиетті сұлтан» деген мағына береді екен. Мешіт ғимараты классикалық ислам стилінде, қазақтың ою-өрнектерін қолдану арқылы салынған. Ол үш қабатты, бірінші қабатында - неке қию залы, тағы басқа да қосымша орындар.

Екінші қабатында ерлер мінәжат ететін, 4 мың орындық зал бар. Үшінші қабаттағы 1000 орындық зал әйелдердің мінәжат етуіне арналған. Мешітке 5 мың, мереке күндері тіпті 10 мың адамға дейін сыйып кетеді.

Ал Астананың бойтұмары болған Бәйтерек монументін құру идеясының авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Өзінің тарихи тамырын сақтап, берік негізін нығыздайтын, болашаққа бағдар жасайтын, мемлекетті түсіндіріп беретін монументтің мағынасы терең. Эпикалық түсіндірмесі бар. Халқымыздың дүниетанымынан хабар беретін, ұлттық ерекшеліктеріне сай құрылған ғажайып ғимаратқа бүгінде Астанаға келген әрбір адам ат басын тірейді. Мұнда келушілер панорамалық лифтімен әйнек «шарға», яғни ең биік шыңына көтеріліп, «құс ұшатын» биіктіктен егеменді Қазақстанның жаңа астанасындағы үлкен өзгерістерді бағамдайды.

Көкжиектен көз тастап, ел астанасын алақандағыдай көре алады. Бәйтеректің ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Оған қол тигенде, Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны ойналады. Бәріне белгілі, бұл монументті тамашалау үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ, алыс және таяу шет елдерден келген туристер көптеп келеді. «Астана-Бәйтерек» монументінің жарық та, кең де көрініс залдарында ресми және мәдени іс-шаралар өтеді. Астанадағы «Думан» ойын-сауық және көңіл көтеру орталығының океанариумы көбімізге жақсы таныс. Ол мұхиттан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасса да мұнда нағыз теңіздегідей ландшафт пен барлық жағдай жасалынған. Океанариумның бүкіл су қоры үш миллион литрден асады, әрі мұхит суына ұқсатылған бүкіл су қоры қолдан жасалынған. Ол үшін жергілікті мамандар 120 тонна теңіз тұзын пайдаланатын көрінеді. Нәтижесінде мұхит суынан химиялық құрамы жөнінен аумайтын және ондағы жәндіктердің тіршілігіне аса қолайлы жасанды су алынады.

Қазір мұнда жер шарындағы бүкіл теңіз фаунасының жүзден астам түрін қамтитын 2 мыңнан аса теңіз жәндігі өмір сүріп жатыр. Қазақ жерінің өңі түгіл түсіне кірмейтін алып акула сияқты небір спецификалы жануарларыңызды океанариумнан таба аласыз. Оған келген адамдар қалағанынша демалып, көңіл көтереді. Теңіз жәндіктерімен бірге резервуардың ішінде суға түседі. Бас резервуарда ұзындығы 70 метрге созылатын жабық туннель бар. Сол арқылы өткен адамдар нағыз теңіздің түбіне түскендей күй кешеді. Себебі, қасыңнан қаһарлы акулалар тісін ақситып жүзіп өтіп жатады.

Белгіленген уақытқа сәйкес аквариум әйнегі арқылы акулаларды тамақтандыру сәтінің де куәсі бола аласың. «Думан» ойын-сауық және көңіл көтеру орталығы тек қана океанариумнан тұрмайды, ол әуел бастан толыққанды демалыс орны есебінде ұйымдастырылған. Келушілер бұл жерден 5D кинотеатрдың, сувенирлер дүкенінің көзтартар тамашаларын көреді. Әрі мұнда бірнеше дәмхана, сауда орны, балаларға арналған ойын алаңы, қонақүй, боулинг, аттракцион бар. Океанариум сияқты ерекше нысаны бар «Думан» ойын-сауық және көңіл көтеру орталығы жалпы, Астананың ғана емес, тұтастай мемлекеттің, оны айтпағанда Еуразия құрлығының мақтанышына айналып отыр десек артық айтқандығымыз болмас.

Астанаға еліміздің өзге қалаларынан келген отандастарымыз бен шетелдік меймандар алдымен осы орталыққа, оның ішінде океанариумға бас сұқпай кетпейді. Міне, ұлтымыздың брендіне айналған көз тамсанарлықтай ғажайып ғимараттардың еліміздің бас қаласында бой көтеруі әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш. Өйткені оның игілігін бүкіл қазақ халқы көруде. Алдағы уақытта да күн санап көркейген жас Астанамыздың қатары әлемдік сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап беретін нысандармен толығады деген ойдамыз.

А.ШАКУПОВА.