Қайық Қиғашқа бет алды

Жаңалықтар

Көктем түсісімен ақ айдындарда қыстайғы сірелеп қатқан көкшіл мұздың көбесі сөгіліп, дөңгелене сең жүзеді. Арналардың бойын қуалаған ағынмен бірге ақшыл сеңдер әлдеқайда асығулы, бұлттай жөңкіледі. «Өзек жанданды» деп жатады, балықшы ауылдар мұндайды. Қылдай қалтылдауық қара қайықтар, артына моторларын ілген шлюпкілер айдын төріне қарай аңырай жүзіп, бейне теңіз әуенін шертіп бара жатқандай.

Қиғашты жағалай біткен Бірлік ауылында берекелі шақ туғаны көрініп-ақ тұр. Елде болса ерінге тиері қапысыз шындық. Мекеннің қай тұсына барма, қайсы есікті ашпа, қара қазандарда балық асылып, табаларда қуырылып жатады. Ел ырызығы деген осы.

Су маржанын сүзген, аулаған балықшылар қауымында бұл уақытта тыныштық болып жарытпайтыны рас. Түнгі ұйқы да кем. Жазғытұрым уақыттың желі өткір, таңы салқын. Соған қарамастан бірер ай шамасы уақыт ғана болатын көктемгі аулауды тиімді пайдаланып, міндеттелген лимитке сай қарманып қалу керек. Елге – балық өнімі, өздеріне – кәсіп дегендей.

Осы Бірлік ауылында орналасқан «Каспий – Балық» өндірістік кооперативі аудандағы әріптестерінің ішіндегі ең ірісі. Лимиттің де негізгі бөлігін осылар иеленеді. Кооператив пен ауылдық округтің арасында тығыз қарым–қатынас орныққан. «Каспий-Балықтың» ауылдастарға тигізіп отырған көмегі ұшан – теңіз. Той–томалақ, қазалы жағдайлардың бәрінде де керек – жарақпен көмектесіп, еңсе тіктесуден тайынған жерлері жоқ. Ертең көктемде Аманкелді, Бірлік ауылдарының тазалығын жүргізісуге арнайы техника бөледі. Мерзімдік басылымдарға да жүз – жүздеп өз мүшелерін жаздыртады. Кәрі – құртаңның да жазылулары үшін демеушілік көмектен тартынған емес.

Бауыржан Ақпанов әкіммен жолығысып «биылғы аулаудан хабарың бар ма?» – деген сауалымызды қойдық тәжірибелі әкімге, – Жұмекең Атырауға осы балық мәселесімен кетті, - деп бір қойды ол. «Каспий – Балықтың» төрағасы Жұмажан Шакупов мырзаны айтқандағысы ол. – 45 аулау звенолары мен 120 – ға тарта адамдар қатысуда. Ал, бұдан бөлек «Песок», «Ягодка», «Булгачный» тартымдарында барлығы 125 балықшымыз өзек ауында жұмыс жасап жатыр. Алғашқы центнерлер кооператив қорын қорландыру үстінде. Биыл қайықтар, мотокатерлердің жөндеуі талапқа сай өтті. Шекара қызметінен алынатын құжаттар түп – түгел. Көктемгі аулауды табысты бастап, нәтижелі аяқтау міндеті түсіндірілген жиналыстары бірнеше рет өткізілсе, кейбіріне Жұмекеңнің шақыруымен қатыстық та. Еңбек тәртібін сақтау, су бойындағы заңдылықтарды бұлжытпауды балықшылар жақсы біледі. Олардың оңай емес шаруаны жүргізулеріне барлық қажетті жағдай жасалып отыр, - дегенді айтты округ әкімі.

Саладан жинақтаған тәжірибесі мол, аудандық мәслихаттың сандаған шақырулардағы депутаты Жұмажан Шакупов те бұл уақытта маза болып жарытпайды. Көктемгі аулауды көл - көсір табыс көзіне айналдыру үшін барлық қолдан келген шараларды алады. Аяқ астынан түйткіл де туындамай тұрмайды. Жұмекең бірақ соның бәріне уақыт табады. Қолынан қос телефоны түспей қайда жүрсе де балықшылардың жұмыс барысын жіті қадағалайды. Өзі де екі күннің бірінде айдын төрінен немесе тартым басынан табылады.

Шекарашылар тарапынан көмек болуы қажеттігін облыс, аудан көлемінде өтіп жүрген жиналыстарда жиі көтереді. Ауланған балықты пункт басына кемемен келтірудің өз машақаты бар. Түнге қалып қойдың ба, шекара қызметі қия бастырмайды. Жұмекең болса: «бірер шекарашыны қосып, қадағалап әкелдіре салса нелері кетер еді. Таңға қалып қойып балығымыз бүлінген сәттер өтті ғой» деген реніш айтты. « Қиғаштың арғы бетінде ресейлік аушылар таңға кезектесіп тартып, тонналап ұстап жатқанда « бізге түнде рұқсат жоқ деп тоқтатып қоятын да шекара қызметі». Бұл да Жұмажан Шакупов депутат, төрағаның көп реніштерінің бірі. Қайта сенат депутаты, белгілі жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегеновтің көптеген қолдау көмегі тиіпті айтуларына қарағанда.

Таң алакеуімде , дұрысырағы шығыс тұс алқызыл нұрға бөленген шапақты сәтте Қиғаштың тұп–тұнық бетін қайшыдай айырып жеңіл қайық әндете зулап барады. Ол, әрине мың қосшыға бір басшы болып жүрген белгілі су сырласы Жұмажан Шакупов. Айдынның алыс төріндегі балықшы азаматтардың керек – жарақтан тұрып қалмауы қамымен асығыс шыққан беті. Ұлы арнаның жаға бойында «сенікі дұрыс» дегендей, құба талдар, әлі жетілмеген балауса құрақ бас шайқайды. Әрине Жұмажандікі дұрыс. Қылдай қара қайықтардың олжасы артында сан жүздеген отбасылар тағдыры тұр.

Таңатар ТАСМҰХАНОВ.