Абзал азаматты еске алды

Жаңалықтар

Нұржау ауылдық мәдениет үйінде аудандық мұрағаттың ұйымдастыруымен «Мұнарлы биікте, Мұқас даңқы» атты көрме-кездесу өтті. Мақсаты – Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Кеңес Одағы Тұтынушылар қоғамының үздігі, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мұғал Наурызбаевты туғанына 90 жыл толуына орай еске алу. Ғимараттың дәлізінде абзал азаматтың тектік құжаттарынан көрме ұйымдастырылыпты.

Көрме - кездесуді аудандық мұрағаттың басшысы Ғаділхан Қалиев ашып: - Бұл 2013 жылдан бастағанда сіздердің, халықтың қолдауымен өткізіліп отырған 26-шы шарамыз. Бізде тектік құжат деген бар. Оны халыққа жариялау, кейінгі ұрпаққа таныстыру, ауданымыздың дамуына еңбегі сіңген адамдарды ұмыт қалдырмау бағытында жұмыстанып келеміз. Сондай-ақ, мұрағаттың 25, ауданның 85 жылдығына байланысты және тағы басқа шаралар өткіздік. Мұғал ағамыздың 90 жасқа толуын атап өтуді былтыр жоспарладық. Бірақ, әртүрлі себептермен кейінге қалып, бүгін сәті түсті. Ол кісі артында ізі қалған, ауданға еңбегі көп сіңген адамдардың бірегейі деп айта аламын. Сол себепті мұны мұрағат қолға алып, ескеруі керек деп санап, біршама жұмыстандым. Жалпы Мұғал ағамызды бәрі де біледі, дегенмен қолымыздағы деректі құжаттардың негізінде өмірбаянымен таныстыра кетейін, - деді. Нұржау орта мектебінің оқушылары сәлемдеме оқыды.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:

- Жаңа өмірбаянынан естіп, ағамыздың кеңшарды басқарған жылдарында елге қажетті ғимараттар салдырғанын, жан-жақты адам болғанына қайран қалып отырмыз. Кеше түнде Алматыдан келдім. Облыс басшыларымен бірге барғанымызда КСРО-ның Халық әртісі Шамғон Қажығалиевті 90 жасына орай еске түсіруге арналған төрт күндік «Шамғон апталығы» өтіп жатырғанының куәсі болдық. Абай атындағы опера және балет театрына халық сыймай қалды. Сол кеште Шамғон ағамыздың жұбайы Жаңылсынмен таныстым. Осы ауылдағы Дәметкен апамыздың қызы екен. «Әр адамның өзінің шығар тауы биік», - дейді. Мына отырған жас ұрпақ Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында ауылды қалыптастырған, халыққа қызмет еткен абзал аға-апалардың болғанын білуге міндетті. Қазақ «Өткенсіз болашақ жоқ», - дейді. Нұржау ауылдық округі өзінен-өзі қалыптаса қалған жоқ. Оған осы отырған үлкендеріміз біріңіз басшы, екіншіңіз қосшы болып үлес қосып, елдің мерейін өсіріп, көркейттіңіздер. Мұғал ағаның атқарған қызметіне, еткен еңбегіне өздеріңіз куәсіздер. Шамғон ағамыз күй өнерін асқақтатуымен танылса, Мұғал ағамыз туған жерін көркейтуге атсалысты, - деп шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Келесі кезекте аудандық мәслихаттың депутаты Болат Жүгінісов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев сөйлеп, кеш кейіпкерінің кезінде осы жерде кеңшар құруды ұсынып, оның «Октябрь» деген атын өзі таңдағанын, шаруашылыққа сіңірген еңбегін тебірене еске алды. Әріптесі Ұзақбай Жәдіғұлов азып-тозған ауылды кеңшар орталығы етіп, халыққа қызмет көрсететін көрікті ғимараттар салдырғанын тілге тиек етті. Ауданда басшылық қызметте болған Сағынжан Рахимов жас шағында М.Наурызбаевпен талай кездескенін, қарапайымдылығын, кеңшар директоры қызметінде елдің әлеуметтік жағдайын көтергендер екеу болса соның бірі сол кісі екенін жеткізді.

Еңбек ардагері Абдолла Күзембаев өз естелігінде Мұғал Күнтуарұлының кадрларды таңдай және тәрбиелей білгенін, өзін талай қолдағанын айтты. Сондай-ақ, кездесуде есімдері ауданымызға танымал ардагерлер мен азаматтар Мәдениет Харесов, Мәлік Матыбаев, Жұмақай Ғұмаров, Нұржау ауылдық округінің әкімі Қайрат Исмағұлов сөйледі. М.Наурызбаевтың күйеу баласы, ардагер журналист Ғайнолла Зайнуллин осындай кеш ұйымдастырып, еске алып жатырғаны үшін Ғ.Қалиев бастаған аудандық мұрағат ұжымына алғысын білдірді. Қызы Гүлнар Наурызбаева әкесінің таңмен ерте кетіп, қараңғы түскенде оралатынын еске алып, қатысушыларға отбасы атынан рахметін айтты.

Кеш барысында өнерпаз жастар Алтынай Нәрешова, Жанболат Кенжеғалиев, Біржан, Бекжан әсем әндер орындап, жергілікті жас ақын Жанаргүл Оралқызы арнау өлеңін оқыды. Шараны аудандық мұрағаттың басшысы Ғаділхан Қалиев қорытындылап, Нұржау мәдениет үйіне Естелік хат табыс етті.

Қанат ҒҰМАРОВ.